Қазақстандық ғалымдар SETAC Europe 2025 конференциясында

"BR24992867 – Қазақстанның су шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту және басқару үшін ресурс үнемдейтін технологияларды әзірлеу, инновациялық инжинирингтік орталық құру" атты ПЦФ жобасы аясында, бас ғылыми қызметкер Калмаханова Маржан Сеитовна 2025 жылы Австрияның Вена қаласында өткен SETAC Europe халықаралық конференциясында баяндама жасады.

Баяндамада судың маңыздылығы және қоршаған ортада пайда болып жатқан ластаушы заттардың өсіп келе жатқан мәселелерін шешу үшін озық технологияларды қолдану қажеттілігі айтылды.

Зерттеу Дулати Университеті (Қазақстан), Небраска Университеті (АҚШ) және Браганса Политехникалық Институты (Португалия) арасындағы бірлескен ғылыми ынтымақтастық нәтижесінде жүргізілді. Бұл халықаралық жоба экологиялық қауіптерге қарсы пәнаралық және трансшекаралық шешімдердің маңыздылығын көрсетті.

Конференция аясында 2700-ден астам шетелдік ғалымдар бас қосты, 450 ғылыми жұмыс баяндама ретінде қабылданды. Солардың ішінде біздің ПЦФ жобасының нәтижелері де әлемдік ғылыми қауымдастық назарына ұсынылды.

Ғылым арқылы тұрақты болашаққа бірге қадам жасайық!