Жамбыл облысының жер асты суларының гидрогеологиялық көрсеткіштерін жинау
2025 жылғы 20-30 мамыр аралығында «BR24992867 – Қазақстанның су шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту және басқару үшін ресурс үнемдейтін технологияларды әзірлеу, инновациялық инжирингтік орталық құру» ғылыми бағдарламасы бойынша «2.1. Республиканың оңтүстік облыстарының су ресурстары әлеуетін зерттеу және су сақтау технологияларын жасау» тапсырмасының «2.1.1. Қазақстанның оңтүстігіндегі жер асты суларының гидрологиялық жай-күйі мен орналасуын зерттеу» пунктін орындау шеңберінде жобаның ғылыми қызметкерлері Манапбаев Б.Ж., Отаров О.А. пен Егембердиев Н.Т. Жамбыл облысының аудандарына іссапарға жіберілді.
Іссапардың мақсаты - Жамбыл облысы мен Тараз қаласының жер асты сулары кен орындарындағы гидрогеологиялық көрсеткіштерді жинау және ұңғымалардың жай-күйін бағалау. Қойылған міндеттерді орындау үшін «КазТехГеостар» ЖШС гидрогеологиялық су ұңғымаларында гидродинамикалық зерттеулер жүргізуге арналған жабдығы бар УАЗ-469 базасындағы ЛСК-1 зерттеу автомашинасы жалға алынды.
Жер асты суларының гидрогеологиялық көрсеткіштерін жинау бағыты Жамбыл облысының келесі аудандары арқылы өтті: Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай, Шу, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Жуалы, Жамбыл. Сондай-ақ, деректер аудан орталықтары мен Тараз қаласының су тарату имараттарынан жиналды. Осылайша, Ақжар, Қамқалы, Аспара, Меркі, Билікөл, Жуалы, Луговой, Талас-Аса, Предпесковое, Георгевское, Шу-Новотроицк, Фурманов жер асты су кен орындарынан жалпы саны 62 ұңғыма қамтылды. Химиялық талдау үшін ұңғымалардан су сынамалары алынды, ал тікелей далалық жағдайда ұңғымалардың дебиті, судың температурасы, рН, тоқ өткізгіштігі, судың оттегімен қанығуы анықталды және ұңғымалардың жай-күйі бағаланды. Деректерді жинау кезінде көптеген ұңғымаларда суды ұтымды пайдаланбау фактілері және ұңғымалар маңындағы аумақтың біршама ластануы бар екені анықталды. Осыған қарамастан, Жамбыл облысында ауыз сумен және ауыл шаруашылығын сумен жабдықтау үшін жер асты суларын пайдаланудың зор әлеуеті бар екенін атап өткен жөн.









02 Маусым 2025
118