Ғалымдар мен өндіріс мамандарының ортақ тоғысуы
Ғылыми ізденіс нәтижелерін зертханалар аясында ғана қалдырмай, өнеркәсіп алаңына шығару және оларды өндірістік мәселелерді шешуге бағыттау нақты қадамдардан басталатыны белгілі. Осындай іс-шараның бірі М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде ұйымдастырылып, ортақ мәселелерді талқылау үшін құрылыс саласының мамандарын бір ортаға тоғыстырды.
Атап айтқанда, 2025 жылдың 21 шілдесі мен 7 тамыз аралығында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде Жамбыл облысы мен Тараз қаласының құрылыс саласындағы өнеркәсіптік кәсіпорындары, мемлекеттік органдары мен жобалау мекемелерінің мамандарына арналған қысқа мерзімді оқыту курсы өткізілді. Курс тыңдаушыларының арасында Жамбыл облысы әкімдігінің Сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандары, ҚазСҚҒЗИ АҚ ОҚФ ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің оқытушылары, «Сейсмотұрақты құрылыс сараптамасы», «СтройТехЭкспертиза», «СтройСнабТехМонтаж», «Qaztehnadzor-ALI» жобалау мекемелерінің өкілдері, «Ғимарат Темірбетон» зауыты, «Бином» құрылыс-монтаждау компаниясы сияқты өндірістік кәсіпорындардың басшылық және инженерлік-техникалық мамандары қатысты. Курс жұмысын ұйымдастыруға университет ғалымдары – Бекбасаров И.И., Сағындыков А.А., Нурпеисов С.К., Баялиева Г.М., Карабаев Н.Т., Шаншабаев Н.А., Атенов Е.И. өз үлестерін қосты. Университет ректорының м.а. Кабдушев А.А. тыңдаушыларға университет ғылымының жетістіктері туралы шолу жасап, ғылыми ізденістердің келешегі жайлы университет жоспарларымен таныстырды.

Курс университетте орындалып жатқан BR24992867 «Қазақстанның су шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту және басқарудың ресурсүнемді технологияларын дайындау, инновациялық инжиниринг орталығын құру» ғылыми бағдарламасы аясында жүргізілді. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсы бойынша гранттық негізде орындалып жатқан осы ғылыми бағдарламаның аясында университет ғалымдары мен мамандары поликомпонентті бетондар мен олардан жасалған конструкцияларды зерттеу жұмыстарының барысымен курс тыңдаушыларын таныстырды. Оқу барысында эксперименталдық-зерттеу жұмыстарының аралық нәтижелері баяндалды. Озық материалдар мен конструкциялар жөнінде өндіріс мамандарына жаңа мәліметтер берілді. Композиттік қоспалар мен жақсартқыштар негізінде дайындалатын құрылыс материалдарының рецептуралары мен технологиялық желілері таныстырылды. Саладағы жаңа материалдар мен технологиялар, құрамдар мен қоспалар, әдістер мен тәсілдер, конструктивтік шешімдер және т.б. талқыланды.

Оқу барысында «Ә.С. Ахметов атындағы Наноинженерлік зерттеу әдістері» инженерлік бейіндегі ғылыми-зерттеу зертханасының материалдық-техникалық базасымен және ғылыми жетістіктерімен танысқан курс тыңдаушылары сынақ зертханасының әлеуетін өзара тиімді пайдалану мүмкіндігіне қызығушылық танытты. Ғалымдардың әзірлемелерін өндіріс жағдайында тәжірибелік сынақтан өткізу мәселелеріне қолғабыс жасауға уәде етті. Одан бөлек, ҚР ҒжЖБМ ұйымдастыратын технологияларды коммерцияландыру гранттық конкурсына ұсыну үшін өндірістік серіктес ретінде ғалымдармен бірге ортақ жоба әзірлеу жұмыстары жоспарланды. Тыңдаушылар атқарылған жұмыстарға жоғары баға беріп, ризашылығын білдірді.
Курс соңында ұйымдастырушылар тарапынан тыңдаушыларға арнайы сертификаттар табысталып, орнатылған серіктестікті әрі қарай өзара тиімді форматта жалғастыру келісілді.


05 Қыркүйек 2025
69