Ғылыми зерттеу және сынақ зертханаларының ресми ашылу рәсімі өтті
2026 жылдың 16 сәуірі күні Ғылым айлығы аясында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде 2 жаңа ғылыми зертхананың – «Геотехника» және «STEAM құрылыс материалдары мен конструкциялары» ғылыми зерттеу және сынақ зертханаларының ресми ашылу рәсімі мен тұсаукесері өтті.
Зертханалардың салтанатты лента қию рәсімін университеттің Басқарма мүшесі – Ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор С.Ә. Орынбаев, «Қазақ сәулет және құрылыс ҒЗИ» ОҚФ директоры М.Н. Байтемиров, «Табыс Жоба» ЖШС директоры Б.Т. Оспанова өткізді. Іс-шараға университет ұжымы мен құрылыс кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Аталған зертханалар BR24992867 «Қазақстанның су шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту және басқарудың ресурсүнемді технологияларын дайындау, инновациялық инжиниринг орталығын құру» ғылыми бағдарламасы аясында жасақталып, ашылды.
«Геотехника» ғылыми зерттеу және сынақ зертханасы қадаларды диагностикалау құралы, АСИС автоматты сынақ кешені, стандартты тығыздау құралы, Васильев штативті конусы, Литвинов далалық зертханасы, кептіру шкафы, пенетрометр ПСГ-МГ4, "Гидравлика: сүзу, топырақ" стенді, құм моншасы, гидравликалық домкрат, ПВН құралы, КФ-00М құралы, ареометр АГ-995-1030, компрессиялық-сүзгіш аспап ПКФ-01 және т.б. құралдармен жабдықталған.

Олардың көмегімен зертханада құрылыс нысандарының негізі болып табылатын топырақтардың физикалық, механикалық, деформациялық қаситеттерін сынау, гидротехникалық құрылыстағы топырақты үйінді бөгеттердің поликомпонентті құрамдарын зерттеу жұмыстары орындалады.
«STEAM құрылыс материалдары мен конструкциялары» ғылыми зерттеу және сынақ зертханасында шекті жүктемесі 2000/250 кН C055N сынақ машинасы, TBTUTM-1000C үзу сынақ машинасы, құрғату шкафы BJPX-HGZ138, УВБ-МГ4.01 су өткізбейтін бетон үлгілерін сынау, бетон беріктігін анықтағыш ИПС-МГ4.04, КТХ-74М климаттық камерасы, бетонның қозғалғыштығын анықтау КА-Н конусы, автоматты Вика құралы E044N, Autel эндоскоп MV480, тахеометр TRIMBLE С5 5" Trimble Access, цемент арқалықтарын иуіге арналған құрылғы E172-01, КУП-1А әмбебап булау камерасы және т.б. құрылғылар орнатылған.
Зертханада бетон материалдарының беріктік қасиеттері, су өткізбеу мүмкіндіктері, аязға төзімділігі, полимерцементті фибробетондардың қасиеттерін зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Ғылыми зертханаларды құрылыс саласындағы топырақ негіздерінің беріктігін стандарттар талаптарына сәйкес сараптайтын, құрылыс материалдары мен конструкцияларының сапасын сенімді анықтайтын инновациялық шешімдердің орталығына айналдыру көзделген.
Іс-шара барысында зертханалардың салтанатты лентасын қию рәсімінен кейін саладағы соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар мен мүмкіндіктер презентациясы мен нетворкинг өткізілді, мамандар арасында сараптама жасаудың тиімді жолдары талқыланды, болашақ жобалар бойынша бірлескен жұмыс мүмкіндіктері қарастырылды.









20 апреля 2026
50